«Конституция құндылықтары аясындағы заманауи білім беру: дәстүр мен инновациялар» атты III халықаралық ғылыми-практикалық конференция. — «МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСТЫҚ ДЕНЕ ТӘРБИЕСІ ЖӘНЕ ТУРИЗМ ОРТАЛЫҒЫ» КММ

«Конституция құндылықтары аясындағы заманауи білім беру: дәстүр мен инновациялар» атты III халықаралық ғылыми-практикалық конференция.

Жаналықтар
Маңғыстауда халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Бүгін, 5 мамыр күні Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының бастамасымен Ақтау қаласындағы Оқушылар сарайында «Конституция құндылықтары аясындағы заманауи білім беру: дәстүр мен инновациялар» атты III халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Конференцияның негізгі мақсаты – ұлттық құндылықтарды дәріптеу, заманауи білім беру жүйесін жетілдіру, дәстүр мен инновацияны тиімді ұштастыру, сондай-ақ ұлттық зияткерлік ойындарды білім беру үдерісіне енгізу арқылы өскелең ұрпақтың зияткерлік әлеуетін арттыру.

Ауқымды жиынға Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының өкілі Фарида Билибаева, білім басқармасының басшысы Амантай Кумбаев, аудандық және қалалық білім беру ұйымдарының өкілдері, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының мамандары, сондай-ақ Латвия, Түркия, Ресей, Әзербайжан, Қарақалпақстан елдерінен және еліміздің әр өңірлерінен келген сарапшылар мен педагогтар қатысты. Жалпы қатысушылар саны — 370 маманды құрады.

Конференцияның ашылу рәсімінде Фарида Билибаева құттықтау сөз сөйлеп, бүгінгі халықаралық деңгейдегі іс-шараларының білім беру жүйесін дамытудағы маңызына ерекше тоқталды. Өз кезегінде білім басқармасының басшысы Амантай Кумбаев конференцияның өңір үшін маңыздылығын атап өтіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Пленарлық отырыс барысында Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ федерациясының бас хатшысы Мақсат Шотаев, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Асқар Ниязов, Түркия Республикасынан Жанан Алыжыоғлы, Түркі халықтарының зияткерлік ойындары орталығының директоры Қашымхан Дәуренқұлов, Қарағанды қаласындағы «Қарлығаш» балабақшасының меңгерушісі Меруерт Мадекенова, Әзербайжан Республикасынан Самир Абдуллаев, Латвия Республикасынан Любовь Азимова, Түркия елінен Айше Гүмүш, Ресей Федерациясының Саха Республикасынан Мария Борисова мен Анна Белолюбская, сондай-ақ Астана қаласынан Динара Амантай мен Балғабай Мендалиев баяндамалар оқып, озық тәжірибелерімен бөлісті.

Жиын барысында жасанды интеллект дәуіріндегі ұлттық зияткерлік ойындардың трансформациясы, олардың халықаралық деңгейде дамуы, сондай-ақ білім беру жүйесіндегі рөлі мен маңызы жан-жақты талқыланды. Спикерлер ұлттық ойындарды цифрлық форматқа бейімдеу, білім беру бағдарламаларына енгізу және оқушылардың логикалық ойлау қабілетін дамытудағы тиімділігіне ерекше назар аударды.

Конференция аясында «Бестемше» және «Тоғызқұмалақ» ұлттық зияткерлік ойындары бойынша жарыстар ұйымдастырылып, қатысушыларға арналған тәжірибелік шеберлік сыныптары өткізілді. Бұл алаңдарда педагогтер өзара тәжірибе алмасып, жаңа әдістемелік тәсілдерді меңгеруге мүмкіндік алды.
#маңғыстауоблысыныңбілімбасқармасы

Достармен бөлісу
«МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСТЫҚ ДЕНЕ ТӘРБИЕСІ ЖӘНЕ ТУРИЗМ ОРТАЛЫҒЫ» КММ