Мерейтойлық жиынға мемлекеттік органдардың өкілдері, спорт федерацияларының басшылары, ғылыми және педагогикалық қауымдастық мүшелері, сала ардагерлері мен Орталықтың серіктестері қатысты. Іс-шара барысында Орталықтың ширек ғасырлық қызметі қорытындыланып, ұжымның дене тәрбиесі жүйесі мен мектеп спортын дамытуға қосқан үлесі атап өтілді, сондай-ақ алдағы кезеңге арналған негізгі даму бағыттары айқындалды.
Ресми бөлім Орталық қызметкерлері мен серіктестерін сала дамуына қосқан үлесі үшін алғыс хаттармен, құрмет грамоталарымен және ведомстволық наградалармен марапаттау рәсімінен басталды.
Құттықтау сөз сөйлеген Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Ерлан Калмаков Орталықтың ғылыми-практикалық қызметінің дені сау әрі жауапкершілігі жоғары жас ұрпақты қалыптастырудағы маңызын атап өтті.
Іс-шара аясында Орталықтың бас директоры Арман Ташметовке Қазақстан Республикасының «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік медалі, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық олимпиадалық комитетінің наградасы табысталды.
Бағдарламаның маңызды бөлігі Орталықтың негізін қалаушы әрі алғашқы бас директоры Анатолий Кульназаровты ұлықтауға арналды. Бұл күні оған 80 жас толды. Оның дене тәрбиесінің ғылыми негіздерін қалыптастыруға, ғылыми кадрлар даярлауға және саланың дамуына қосқан елеулі еңбегі ерекше аталып өтті.
Мерейтой шеңберінде «Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы: өткеннен болашаққа. 25 жыл» атты мерейтойлық басылымның таныстырылымы өтті. Кітапта Орталықтың қалыптасу кезеңдері, жетістіктері мен даму келешегі қамтылған.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Туризм және спорт вице-министрі Серік Жараспаев, Ұлттық олимпиадалық комитеттің, «Halyk» қайырымдылық қорының және республикалық спорт федерацияларының өкілдері құттықтау лебіздерін білдірді. Сөз сөйлегендер Орталықтың бұқаралық және мектеп спортын дамытудағы рөлін, сондай-ақ ведомствоаралық және салааралық өзара іс-қимылдың тиімділігін атап өтті.

